Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Түркістан облыстық «Асық ату» федерациясымен бірлесіп, «Асық ату» ұлттық спорт бұрышының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты іс-шараға мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері, спорт ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында:
• Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Жанғазиева Эльмира Ұласбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық спорттың жастар тәрбиесіндегі маңызын атап өтті;
• Түркістан облыстық «Асық ату» федерациясының президенті Айдарханұлы Оралхан асық ату спортының облыстағы даму бағыттарына тоқталды;
• Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіқұлов Созақбай Исаұлы ақ батасын берді.
Салтанат аясында екі тарап арасында «Асық ату» ұлттық спортын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, естелік суретке түсу рәсімі өтті.
Айта кетейік, Айдарханұлы Оралхан — Қазақстанның ұлттық дәрежелі төрешісі, Қазақстанның спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы. Ол 2014 жылдан бері асық ату спортының дамуына сүбелі үлес қосып, 30-дан астам Қазақстан чемпионын, Азия және әлем чемпиондарын дайындаған білікті бапкер. Бүгінде Түркістан облысында 500-ге жуық спортшы кәсіби түрде асық ату спортымен айналысуда.
Бұл бастама — ұлттық спортты насихаттауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және қоғамдық келісімді арттыруға бағытталған маңызды қадам.










