2026 жылғы 15 қаңтарда Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ауқымды отырысы ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімдігі өкілдері, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен қоғам белсенділері қатысты.
Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылы қабылдаған стратегиялық маңызы бар екі негізгі құжаты жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлігіміз – әралуандықта» 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы кеңінен түсіндірілді.
Кеңес отырысын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Алтаев Ертай Кенжебекұлы жүргізді.
Күн тәртібінде көтерілген негізгі мәселелер:
ішкі саясаттың жаңа тұжырымдамалық негіздері; қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту; этносаралық тұрақтылықты сақтау; жастар саясаты мен ақпараттық қауіпсіздік; Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының 2030 жылға дейінгі даму бағыттары.
Баяндамашылар:
Алибаев Райымжан Артықбайұлы – Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары туралы; Садықов Сейдулла Садықұлы – Қазақстан халқы Ассамблеясының 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы жөнінде; Әбдіқұлов Созақбай Исаұлы – Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген сұхбатындағы негізгі басымдықтар бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиын барысында этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының алдағы жұмысына қатысты бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Олардың қатарында этносаралық қатынастарды жүйелі түрде мониторингтеу, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Салауатты сана» қағидаттарын кеңінен насихаттау, жастар мен еріктілерді Ассамблея жобаларына тарту мәселелері бар.
Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, әлеуметтік желілердегі арандатушылық және деструктивті контенттің алдын алу қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Кеңестің негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру және «Әділетті Қазақстан» қағидатын күнделікті өмірде тиімді іске асыру.
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер алдағы уақытта да ел бірлігін бекемдеу бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізуді жалғастырмақ.




















