Түркістан қаласы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Салауатты сана» жобасы аясында жастармен кездесу өтті. Жиынға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова модераторлық етті.
Аталған іс-шара жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, рухани санасын қалыптастыру, отбасылық институтты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і мен ХҚТУ-дың басшылығы, сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаментнің жауапты өкілдері, ХҚТУ-дың ұстаздары, Аналар кеңесінің төрайымы мен мүшелері, отбасылық психологтар, студенттер, белсенді жастар қатысты.
Алқалы жиында «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов жас ұрпақтың саналы азамат болып жетілуі жолында отбасылық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталса, ХҚТУ-дың вице-ректоры Еділ Төлегенов Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан бес әлеуметтік кеселден, яғни нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықтан жастарды алыс болуға шақырды.
Кездесуде Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева жастарға құқықтық сауаттылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары туралы кеңес берді.
Сонымен қатар, келелі жиында ХҚТУ-дың Әкелер мектебінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бекжігіт Сердәлі ер азаматтардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі туралы баяндаса, ХҚТУ-дың Аналар кеңесінің төрайымы Балтагүл Оспанова өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға отбасы институтының беріктігі мен ұлттық дәстүрлерді сақтау қажеттігін айтты. Отбасылық психолог Ақерке Мубарова жастарға өз эмоцияларын басқару, дұрыс қарым-қатынас орнату және стресске төзімді болу жолдарын түсіндірді.
Кездесу барысында жастар сарапшыларға сұрақтар қойып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Спикерлер жастардың қойған сұрақтарына тұшымды жауап беріп, оларға пайдалы кеңестер ұсынды.
Жиын соңында Гүлсара Төлебекқызы барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, жастарды өздерінің рухани дамуына мән беріп, ұлттық құндылықтарды сақтауға шақырды.