«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты өткен республикалық референдумның нәтижесіне арналды. Жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, кеңес жетекшісі, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, кеңес мүшелері қатысты.
Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан ауқымды реформаларға Қазақстан халқы зор сенім артатынын референдум нәтижесі көрсеткені айтылды. Еліміздің жаңа Конституциясы заман талабына сай келетініне, сондай-ақ мемлекеттің орнықты және жан-жақты дамуын қамтамасыз ететініне назар аударылды.
Жұмыс жиынын ашқан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы 15 наурызда өткен жаңа Конституция жобасына қатысты референдумның түпкілікті қорытындысын шығарғанына тоқталды. Саяси науқанға республикамыз бойынша 9 127 192 азамат дауыс беруге қатысқанын, ол референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың 73,12 пайызын құрағанын айтты. Референдумға шығарылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 7 954 667 немесе дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызын құрағанын мәлімдеді.
«- Соның ішінде Түркістан облысындағы 947 референдум учаскелерінде 997 598 сайлаушы дауыс берді. Бұл референдумға қатысу құқығы бар облыс тұрғындарының 84,03 пайызын құрайды. Осы саяси науқанға қатысқан азаматтардың 92,21 пайызы жаңа Конституция жобасын қолдап дауыс берді. Түркістан облысы референдумда жоғары саяси мәдениеттің үлгісін көрсетті. Еліміздің алдағы тағдырын айқындайтын сәтте өңіріміздің тұрғындары бекем ауызбіршілігін сақтап, Мемлекет басшысы қолға алған түбегейлі саяси реформаларды қолдайтынын білдірді. Жаңа Конституцияның қабылдануына орай «AMANAT» партиясы Үндеу қабылдады. Біз, партия мүшелері Мемлекет басшысының жетекшілігімен Ата заң нормаларын жүзеге асыру және өркендеген Қазақстан құру жолында өзіміздің барлық ресурстарымызды ортақ мақсат аясына жұмылдыратын боламыз», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Одан соң, кеңес жетекшісі, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева жаңа Конституцияның қабылдануы Әділетті Қазақстан құру жолындағы аса маңызды қадам екенін айтты. «Референдум нәтижесі азаматтарымыз Мемлекет басшысының реформаларын қолдайтынын және ел болашағына зор сеніммен қарайтынын көрсетті. 15 наурызда мемлекет тарихының жаңа парағы ашылды»,—деді Қалыйма Жантөреқызы.
Жиында сөз алған кеңес мүшелері Референдумның сәтті өтуіне байланысты сарапшылық ой-пікірлерімен бөлісті. Мемлекет басшысы қолға алған конституциялық реформалардың түпкі маңызы туралы Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Түркістан» қалалық газетінің директор-редакторы Мәлік Дәулетов, Түркістан облыстық «Farab» әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Шахмира Байжігітова, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Қонақжайлылық мектебінің PhD қауымдастырылған профессоры Сәбит Баймағанбетов сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан үшін тарихи сәт екенін айтты.
Жұмыс жиынының екінші бөлігінде «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасы тармақтарының орындалу барысы қаралды. Партия бекіткен кешенді жоспарда қамтылған Түркістан облысының көрнекті тумаларының мұрасын насихаттау, облыс көлемінде салынып жатқан мәдениет нысандарының құрылысын бақылау тармақтарының орындалу барысын Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбеков баяндады.
Басқарма өкілі өз хабарламасында көрнекті тумалардың мұрасын насихаттауда 2026 жылы 100 іс-шара өткізу жоспарланғанын айтты. Соның ішінде бүгінгі дейін осы санаттағы 32 іс-шара өткізілгенін мәлімдеді. Бұл іс-шаралардың басым бөлігі кітапханаларда әдеби-танымдық кештер, шығармашылық байқаулар, мәдени-ғылыми кездесулер, тұлғатану және танымдық әдеби сағаттар форматында өткені хабарланды.
Сондай-ақ жиында 2025 жылы облыс көлемінде 6 мәдениет нысанының құрылыстары аяқталып, іске қосылғаны туралы мағлұмат берілді. Басқарма өкілінің хабарлауынша, биыл 10 нысанның құрылысы қолға алынған. Соның ішінде 3 нысан – Сарығаш, 2 нысан – Түлкібас, Келес, Жетісай, Ордабасы, Сауран аудандары мен Кентау қаласында салынып жатыр. Барлық нысандардың құрылыс барысы облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қадағалауға алынған.
Кеңес мүшесі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Бауыржан Ерман қазақтың біртуар азаматы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековты дәріптеуді жыл сайын тек көрме ұйымдастырумен шектемей қайраткер атындағы мүшайра өткізуді ұсынды.
Мәдениет саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер жайлы Түркістан балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры, белгілі айтыскер ақын, облыстық мәслихаттың депутаты Бекарыс Шойбеков хабарлама жасады. Бекарыс Ақсақалұлы партия жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің, облыстық мәслихаттағы әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі комиссиясының мүшесі ретінде бірқатар жәйтке алаңдаушылық білдіріп жүргенін айтты. Оның ішінде, облыста жыршының, дәстүрлі әншінің және күйшінің жоқтығы көңіл алаңдатады. Осынау мәселені назарға алып, ел ішіндегі өнер иелерін ертерек тауып, оның әлеуетін көтеру керектігін ұсынды. Сонымен бірге, облыстағы 3 театрдың бірі саналатын Жетісай қаласындағы Қ. Жандарбеков атындағы театр ғимаратының тозығы жетуі тұрғындарды алаңдатып отырғанын жеткізді. Ғимарат жөндеу жұмыстарын қажет етіп отырғанын айтты.
Жиын соңында отырыстың күн тәртібіне қойылған мәселелер толық талқыланғаны, жиын барысында айтылған ұсыныс-тілектердің барлығы хаттамаға енгізіліп, қосымша жолданатын айтылды.
Айта кетейік, жиын барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев өңір мақтанышы, белгілі айтыскер ақын, облыстық мәслихат депутаты әрі кеңес мүшесі Бекарыс Шойбековті мерейлі 50 жасымен құттықтады. Құрмет белгісі ретінде иығына шапан жауып, ізгі тілегін білдірді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі






