«BAUYRLAS» қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ТУРИЗМ МЕН КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен лездемелік мәжіліс өтті. Жиын барысында Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің 2025 жылғы атқарған жұмыстары, туристерге қызмет көрсету сапасы және 2026 жылға арналған жоспарлары мен қала аумағындағы кәсіпкерлік нысандар мен мәдени-рухани орталықта анықталған кемшіліктер кеңінен талқыланды.

2025 жылдың қорытындысымен Түркістан қаласына 1 015 200 турист келген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,1%-ды құрап отыр. Оның ішінде шетелдік туристер саны 21 842 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артқан. Қалаға келетін туристердің басым бөлігі Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Қытай, Үндістан, АҚШ және Германия елдерінен келген.

Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 107,1 млн теңгені құрап, сала бойынша жылдық салық түсімдері 15,7 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар, туризм саласында 9 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Жиын барысында «Қолөнершілер орталығы» аумағында заманауи туристік визит-орталық ашу жобасы ұсынылды. Аталған орталықта туристерге қаладағы тарихи-мәдени нысандар, турмаршруттар, гид қызметтері, қонақ үйлер, қоғамдық көлік бағыттары, әуе және теміржол билеттері туралы ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылатын болады.

Сонымен қатар, вокзал аумағындағы ретсіз сауда, жұмыс істемей тұрған дүкендер, рұқсат етілмеген сауда нүктелері, әлеуметтік дүкендердің талапқа сай келмеуі мәселелері көтерілді.

Әзімбек Пазылбекұлы сала мамандарына қатаң ескерту жасап, туристерге қызмет көрсету жұмыстарын дамытуды, мәдени-рухани орталық пен туристік нысандардағы барлық кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды міндеттеді.

Сәйкес жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ САҚТАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫ НЫҒАЙТУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: АССАМБЛЕЯ ЖИЫНЫНДА ХАЛЫҚТЫҢ БІРТҰТАСТЫҒЫН НЫҒАЙТУ ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ