«Astana Eurasian Book Fair – 2026» ІХ халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Астана қаласындағы ҚР Президенттік орталығы ғимаратында ЕҰУ ғалымдарының «Тәуелсіздік. Тарих. Тұлға» жобасы бойынша жарық көрген ғылыми-танымдық кітаптардың салтанатты таныстырылым рәсімі өтті.
Ауқымды шара Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарихшылардың ұлттық конгресі және Абай академиясы бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Іс-шараға әдебиеттанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, студенттер және кітапсүйер қауым қатысты.
Таныстырылымның негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты мен Тарихшылардың ұлттық конгресі әзірлеген жаңа басылымдардың мазмұнын жұртшылыққа таныстыру болды.
Шара барысында көпшілік назарына«Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Адамзаттың Абайы», «Абай ғибраты», «Ұлт тарихындағы тұлғалар», «Евразийская тенденция. Интеллектуальные контексты второй половины ХІХ – первой трети ХХ века: славянский, тюркский, сибирский» кітаптары ұсынылды.
Іс-шараға «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкірмодераторлық етті.
Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ЕҰУ Басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп ашты.
«Бүгін – руханияттың алтын діңгегі болған кітаптың қадірін арттыратын ерекше күн. Бұл – білім мен мәдениеттің сақтаушылары кітапханашылардың да мерекесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ойлы ұлт болып қалыптасудың төте жолы – кітап оқу» деп атап өткен болатын. Президент кітапхана ісін жан-жақты дамыту қажеттігін де үнемі назарда ұстап келеді. Кітап – адамзаттың ең құнды қазынасы, рухани азығы. Сөзден өрнек құрып, ойды санада сәулелендіретін бірден-бір құрал – кітап. Ақыл мен парасаттың, ой мен қиялдың, тарих пен тағдырдың айнасы да– осы кітап. Біз өткеніміздітанып, бүгінімізді бағалап, болашағымыздыбағдарлауды да кітап арқылы үйренеміз. Кітап – ұлттың жаны. Ал ұлттық әдебиет – сол ұлттыңболмысы мен рухының көрінісі. Сондықтанкітапқа деген құштарлық арқылы біз тарихқатағзым жасап, болашаққа сенімқалыптастырамыз, ұрпақ тәрбиелейміз,Бұл еңбектер – тәуелсіз Қазақстанның тарихи санасын жаңғыртып, ұлт руханиятын байытуға бағытталған маңызды ғылыми жобалардың нәтижесі. Тәуелсіздік және Абай мұрасын терең зерделеу арқылы біз жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосамыз», — деді «Тәуелсіздік. Тарих. Тұлға»жобасының ғылыми жетекшісі Ерлан Бәтташұлы.
Бағдарлама аясында ғылыми жинақтардың авторлары мазмұндық шолу жасап, зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, педагогика ғылымдарының кандидаты Дүйсен Сейітқали «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов«Ұлт тарихындағы тұлғалар» еңбектеріне талдау жасаса, ЕҰУ «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші-ғылыми қызметкері, тарихшы, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жабай Қалиев«Адамзаттың Абайы» және «Абай ғибраты» жинақтарының мазмұнын, зерттеуші-ғалым С.В.Селиверстов «Евразийская тенденция. Интеллектуальные контексты второй половины ХІХ – первой трети ХХ века: славянский, тюркский, сибирский» монографиясын таныстырды.
Шара барысында әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбаев Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнін шырқады.
Аталған іс-шара – ұлттық руханиятты жаңғыртуға, Абай мұрасын терең зерделеуге және ғылыми қауымдастық пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени-ғылыми алаң болды.


