Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай Түркістан қаласындағы Достық үйінде мазмұны терең, маңызы зор тағылымды шара ұйымдастырылды. Бұл басқосу еліміздегі бейбітшілік пен келісімді, бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың жарқын көрінісі болды.
Іс-шара аясында екі бірдей игі жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, оқырманға рухани байлықты жақындататын жылжымалы кітапхана ашылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Түркістан – татулықтың темірқазығы, тарихи төрі» атты кітаптың салтанатты тұсаукесері өтті.
Жылжымалы кітапхана – ұлттық және әлемдік әдебиетті кеңінен насихаттауға, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды жоба. Оның татулық пен келісімнің символына айналған Достық үйінде ашылуы ерекше мәнге ие.
Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, «Қызмет» газетінің бас редакторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Бейсенкүл Нарымбетова, облыстық «Фараб» әмбебап кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Ассамблея мүшелері мен жастар қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Фараб» әмбебап кітапханасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Айта кету керек, бұл – «Фараб» кітапханасы ашқан сегізінші жылжымалы кітапхана.
Шара соңында қатысушыларға тұсауы кесілген кітаптар табысталды.
Білім мен руханиятты, бірлік пен парасатты дәріптейтін бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, оқырман қауымға мол рухани олжа сыйлайтынына сенім мол.


















