«BAUYRLAS» қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

ДОСТЫҚТЫ ДӨҢГЕЛЕТКЕН “ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ”

Бәріміз куә. Үстелдің дөңгелегі, дөңгелек емес төртбұрышы, сопағы болады. Мәселе, үстелдің пішінінде емес. Мәселе, бір үстел басында бір ниет, бір мақсаттағы бауырлас жандардың жиылып, бас қосуында. Бірлік, елдік жайлы әңгіме айтып, Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы жайлы қызмет етуінде. Түркістанның төрінде этносаралық қарым-қатынасты нығайту жайлы “дөңгелек үстел” өтті. Ол туралы Түркістан облысв “Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі хабарлады:
Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Этностар арасындағы ынтымақтастық: елдің даму кеңістігіндегі рөлі» атты «дөңгелек үстел» өтті.


Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесіп ұйымдастырған іс-шара еліміздегі этносаралық келісім мен ынтымақтастықты арттыруға, түрлі этникалық топтардың мәдениеттері мен дәстүрлерін сыйлауды насихаттауға, ҚХА-ның 30 жылдығы аясында жоспар-жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
Келелі жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің басшылығы, сондай-ақ Түркістан облысы прокуротурасы мен облыстық полиция департаменті, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, өңірлерден келген қоғамдық ұйымдардың өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің белсенді мүшелері, оқытушы-профессорлар, студенттер қатысты.
«Дөңгелек үстел» барысында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы этносаралық келісімді сақтаудағы маңыздылығына тоқталды.

– Еліміз үшін тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың, этносаралық келісім мен татулықты дамытудың маңызы аса зор. Бұл ретте, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар, Аналар, Этномедиация кеңестері және этномәдени бірлестіктер өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне, ынтымақ пен бірлікті сақтауға және азаматтық қоғамның дамуына белсене үлес қосып келеді. Облыста ҚХА-ның «Елтану», «Мың бала», «Бірлік», «Қайырымдылық керуені», «Адал азамат», «Салауатты сана», «Жаңа толқын», «Шаңырақ», «Ассамблея айнасы» секілді жобалары шеңберінде идеологиялық-тәрбиелік мәні бар қоғамдық-көпшілік іс-шаралар тұрақты өткізілуде. Осы бағытта «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен жылы 1706 іс-шара ұйымдастырылып, 80 мыңға жуық адам қамтылды. Біздің алдымызда Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жылдығы аясында татулық пен тұрақтылық салтанат құрған мерейтойды өз деңгейінде атап өту міндеті тұр. Мерейлі датаға орай өткізілетін өңірлік ауқымды 34 жоба бекітілді. Осы орайда, елдің бірлігі мен татулығы жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын,

— деді басқарма басшысының орынбасары.
Өз сөзінде Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Жанар Темірбекова халықаралық

 

университеттің этносаралық ынтымақтастық пен түркітілдес әлемді біріктірудегі рөліне назар аударды.


– Бүгінде университетімізде Қазақстаннан ғана емес, Түркия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Түрікменстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінен 1000 студент білім алуда. Олар түрлі мәдениетпен, дәстүрлермен және құндылықтармен таныса отырып, өзара толеранттылық пен сыйластық негізінде қарым-қатынас орнатуда. Сондай-ақ университетте түрлі мәдени іс-шаралар, көрмелер мен фестивальдар ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар этностар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, өзара түсіністікті дамытуға ықпал етуде,

— деді университет ректоры.

Іс-шарада елдің даму кеңістігіндегі этностардың рөлі, олардың экономика, білім беру және мәдениет саласындағы ықпалы туралы және өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Бұл орайда, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, облыстық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Медет Халықов, ХҚТУ-нің профессоры Сейдулла Садықов және құқық қорғау органдарының өкілдері баяндама жасап, пікір алмасты. Қатысушылар өз тәжірибелермен бөлісіп, этносаралық ынтымақтастықты нығайту үшін нақты ұсыныстар жасады.

Дөңгелек үстел басында, бауырлас халықтың бауырластықпен дөңгеленіп отырғаны қандай жарасымды. Бұл да болса, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдық еңбегінің жемісі. Бауырлас болу-шын бақыт!

Ерсұлтан Әмірбек,
Түркістан облысы ҚХА Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы, “BAUYRLAS.kz” ақпарат агенттігінің бас редакторы

Сәйкес жаңалықтар

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП – ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА

Redaktor Bauyrlas

«ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН-АЛУ» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ.

“ШЕР-АҒАНЫҢ ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚПАСАМ ДА….”

Redaktor Bauyrlas

Пікір жазу