2026 жылғы 11 ақпанда Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан Республикасы өзбектердің «Достық» қауымдастығы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Ұласбекқызы, Қазақстан Республикасы өзбектердің «Достық» қауымдастығы төрағасы Исматуллаев Абдулла Джафарұлы, қауымдастық жетекшілері, облыстық, қалалық және аудандық Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Отырысты қауымдастық Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Чалданов Зуппархан Субатұлы жүргізіп, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Халназаров Арипджан Боранбойұлы және өңірлік кеңес төрағалары сөз сөйлеп, қоғамдағы өзекті тақырыптар бойынша ой-пікірлерін білдірді.
Жиында күн тәртібіндегі жаңа Конституциялық реформалар сөз болып, қатысушылар бірауыздан жаңа заңдардың тиімділігі, қоғамға оң ықпал ететін тармақтары мен нормаларын қолдап, кеңінен насихаттауды ұсынды.
Сондай-ақ ысырапшылдыққа жол бермеу, қайырымдылықты күшейту,қоғамдағы өзара жанашырлық пен жауапкершілікті арттыру, бірлікті нығайту, ұрпақ тәрбиесі мен рухани құндылықтарды дәріптеу жолында бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Э.Жанғазиева бүгінгі басқосуда көтерілген мәселелер қоғам үшін өте маңызды тақырыптар екенін айтып, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту, этносаралық келісімді дамыту басты міндет екендігін жеткізді.
Жиын қорытындысында қатысушылар ортақ пікірге келіп, игі бастамаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.
Береке мен бірлік — басты құндылығымыз!




















