Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылдық округінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-нің заманауи мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді.
Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс ұжымын және аудан тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Аймақ басшысы бұл жобаның өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығын терең өңдеу бағытын дамытудағы маңызын атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы және оны терең өңдеу – Түркістан өңірі экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Осы тұрғыда іске қосылған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» – ауқымды әрі стратегиялық маңызы бар жоба. Серіктестік қытайлық инвесторлармен бірлесіп, 32 мың гектар алқапта тамшылатып суару технологиясын енгізіп, жоғары өнімділікке қол жеткізген. Су үнемдейтін бұл әдіс климаттық өзгерістер жағдайында аса өзекті.
Жоба аясында жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын екі бірдей мақта өңдеу зауыты салынуда. Олардың жылдық қуаттылығы 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 120 мың тонна шитті мақта жиналып, оның 30 мың тоннасы таза мақта ретінде өңделді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аталған жобаға жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Басқару орталығы арқылы 32 мың гектар жер толық бақылауға алынып, суару жүйесі бір орталықтан басқарылуда.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС басшысы Суй Дже облыс әкімдігіне көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, серіктестік 2025 жылы Отырар ауданында 23 мың гектар жерге мақта егіп, әр гектардан орта есеппен 50–60 центнерден өнім алған. Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде.







