Түркістан облысы Түлкібас аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалық, осы уақытқа дейін жалдамалы ғимараттарда жүрген 18 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған «Айнала» орталығы қолданысқа берілді.
Көп жылдан бері өзекті мәселенің бірі болып келген бұл мәселе облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен шешімін тауып отыр.
Бұл тұрғыда аудан әкімдігі Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің қосымша ғимараты аудан теңгеріміне беріліп, әкімдік тарапынан толық жөндеуден өтіп, іші заманауи құрылғылармен «Самұрық қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының және «Бақуатты аймақ» қоғамдық қоры есебінен жабдықталып жатқанын жеткізді.
Маңызды шараға аудан әкімі Естібаев Асқар Сұлтанұлы, «Самұрық қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Адиева Әлфия Дәулетқалиқызы, «Бақуатты аймақ» қоғамдық қорының директоры Әбелдинова Гүлмира Сапабекқызы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымбек Сәтбай және ақсақалдар кеңесінің төрағалары Анашев Қалаубек Анашұлы мен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, аудан тұрғындарын заманауи оңалту орталығының ашылуымен құттықтады.
«Бұл орталық – балалардың денсаулығын қалпына келтіруге, өмір сапасын арттыруға, олардың қоғамға бейімделуіне зор мүмкіндік беретін, маңызды нысан. Мемлекет тарапынан, мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты қолдау көрсету – басты басымдықтардың бірі. Осы орталықтың ашылуы – соның нақты көрінісі. Ең бастысы – бұл мекемеде, балаларға мейірім мен жанашырлық, сапалы медициналық және психологиялық көмек көрсетілетін болады. Ата-аналарға үміт, балаларға жарқын болашақ сыйлайтын бұл орталықтың жұмысына, сәттілік тілеймін»-деп, изгі ниетін білдірген Асқар Сұлтанұлы, игі іске мұрындық болған қайырылымдылық қорының өкілдеріне, аудан тұрғындарының және өз атынан Самұрық қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының және «Бақуатты аймақ» қоғамдық қорының басшылығына алғысын білдірді.
«Самұрық қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Әлфия Дәулетқалиқызы аталмыш жобаның өңірлердегі ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналары үшін бар маңыздылығын жеткізіп, ғимарат тауып, оны толық жөндеуден өткізіп, дайындап бергені үшін облыс және аудан әкімдіктеріне ризашылығын білдірді.
Айта кетерлік, аталмыш ғимаратта 32 түрлі ем-домдар және сауықтыру шаралары қарастырылған, заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинеттер бар.
Осыған дейін жалдамалы ғимаратта 25 бала ғана қызмет алып келсе, енді бұл ғимарат 100 балаға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы.
– Қазіргі таңда, орталық қажетті заманауи құрылғылармен 40 пайызға дейін қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылдың көктеміне дейін жалғасып, қажетті құрылғылар алу жоспарлануда.
Сондай-ақ, жаңа құрылғыларға орталық мамандарын оқыту шаралары «Самұрық қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры есебінен атқарылатын болады.- дейді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.















