«BAUYRLAS» қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

Түркістан облысы Түлкібас ауданында жеміс-жидекті терең өңдейтін зауыт ашылды

Түркістан облысының Түлкібас ауданында алма және өзге де жеміс-жидектерді терең өңдейтін жаңа өндіріс орны іске қосылды. Кәсіпорын 100 пайыз табиғи, ешқандай қоспасыз шырын, жеміс пюресі және алма ұнтағын өндіреді.

Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жергілікті тұрғындарды құттықтап, нысанның жұмысымен танысты. Аймақ басшысы бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіп саласын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

– Бүгінде Түркістан облысында жеке инвестициялар мен мемлекеттік қолдаудың арқасында ірі өндірістік жобалар жүзеге асуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында нақты белгіленген басым бағыттардың бірі. Түлкібас ауданында іске қосылған бұл кәсіпорын – сол міндеттің нақты көрінісі. Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталып, жылына 5 мың тонна алманы қайта өңдейді. Нәтижесінде экологиялық таза табиғи шырындар, балалар тағамдары мен өзге де өнімдер өндіріледі. Бұл жоба отандық өнім көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді, – деді облыс әкімі.

«Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне тиесілі зауыт Қытайдың соңғы үлгідегі заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Толық автоматтандырылған өндіріс орнында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 30 тонна алма өңдеп, дайын өнімдер «Ayim» брендімен нарыққа шығарылуда.

Кооператив төрағасы Бейбіт Төлешовтің айтуынша, зауытты шикізатпен қамтамасыз ету толықтай өздері есебінен жүзеге асырылады. 300 гектар алма бауынан жиналған өнімнің бір бөлігі зауытқа жөнелтілсе, қалғаны кооперативке қарасты сыйымдылығы 2 мың тонналық жеміс сақтау қоймасында сақталып, қыс мезгілінде саудаға шығарылады.

Алдағы уақытта кәсіпорын алма өсірумен айналысатын жергілікті бағбандардан сақтауға жарамсыз алмаларды қабылдап, қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл бастама өңірдегі бағбандарды қолдап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімді пайдаланылуына мүмкіндік береді.

Сәйкес жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ҚОС МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚҚС-ТАН БОСАТУ ҰСЫНЫЛДЫ

Түркістан – халықаралық туристік орталыққа айналуда

Redaktor Bauyrlas