«BAUYRLAS» қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

Түркістанда экологиялық таза өнім өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды

Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бір рет қолданылатын биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өндіретін заманауи зауыттың құрылысы басталды. Жобаны «PULPSTYLE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады.

Жаңа кәсіпорынның іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның маңыздылығын атап өтіп, инвесторларға сәттілік тіледі.

Облыс басшысы өз сөзінде инвестициялық жобалардың өңір үшін стратегиялық мәні зор екенін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған экономиканы әртараптандыру және импорт алмастыратын өнімдер шығару міндеттері Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді.

– Бұл жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар экологияға зиянсыз, биоыдырайтын өнімдер өндіріледі. Бұл – өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттыратын нақты қадам. Түркістан облысын дотациялық аймақтан шығарып, өзін-өзі толық қамтитын өңірге айналдыру – басты мақсатымыз. Бұл жолда адами капитал мен еңбек ресурстары – біздің басты артықшылығымыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Аталған жоба бойынша инвестормен келіссөздер 2025 жылдың қыркүйек айында жүргізілген. Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткен. Өндіріс орны барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынды 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарланып отыр.

Жалпы, Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өнеркәсіптік әлеуетті арттыру мақсатында өңірде 20 индустриалды аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Индустриалды аймақтарда жалпы құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 6 361 жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында құны 211,8 млрд теңгені құрайтын 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларға арналған шағын өндірістік парктер іске қосылып, кәсіп ашуға барлық қажетті жағдайлар мен мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.

Сәйкес жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА 600 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫ АШЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ

Түркістан – халықаралық туристік орталыққа айналуда