«BAUYRLAS» қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

Түркістанда ерекше балаларға арналған «Шексіз әлем» жаңа жылдық мерекесі өтті

2025 жылғы 23 желтоқсан күні Түркістан қаласындағы «Rixos» қонақ үйінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Шексіз әлем» атты жаңа жылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, олардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерінің шексіз екенін көрсету, сондай-ақ инклюзивті мәдениетті дамыту.

Мерекелік кешке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және 70-тен астам ерекше бала қатысты. Балалар облыстық басқармаға қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін алушылар болып табылады.

Іс-шара аясында балаларға арналған арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерге жақын, жігерлі балалар өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Оларға танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар қолдау көрсетті.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыстады. Аймақ басшысы өз сөзінде ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді тапсырды. Бүгінде облысымызда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірде 5 оңалту орталығы мен 6 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істеп, 15 мыңнан астам балаға қызмет көрсетілді. Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жылда армандарыңыз орындалып, жетістіктеріңіз еселене берсін, – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік кеш Аяз ата мен Ақшақардың жаңа жылдық құттықтауымен жалғасты. Сондай-ақ, танымал әнші Құрмаш Маханов бастаған өнерпаздар балалар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды.

Сәйкес жаңалықтар

“ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АССАМБЛЕЯНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ ҚАЗІРДЕН ҚАМДАП ОТЫР….”

Redaktor Bauyrlas

ТҮРКІСТАН: «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» БАУЫРЛАСТЫҚ ПЕН БІРЛІКТІ НЫҒАЙТАТЫН ҚОҒАМДЫҚ ШАРАЛАРҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСАДЫ

Redaktor Bauyrlas

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ЖЫЛ ҚАРСАҢЫНДА ШАРДАРАДА 6 ОТБАСЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛДЫ