Түркістан облысы Қоғамдық Даму Басқармасының жаңа басшысы Жанар Бектаева қоғамдық дамуға қозғаушы күш беруге бекініп отыр. Оған қарым-қабілеті мен тәжірибесі жетеді деп сенеміз. Түркістанның төріне шығып, елжанды еңбек етуге кіріскен Жанар Әлібекқызы бүгін жаңа бастамалар мен тың серпіліс жайлы өз ұстанымын баяндады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өзі жаңа басшыға үлкен сенім артып отыр. Иә, бүгін облыс әкімнің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде ішкі саясат саласын дамытудың өзекті мәселелері мен алдағы міндеттер талқыланды.
Иә, тың идеяларға тірекші, тілекші басшы болса, қосшы табылады.
Айтпақшы..
Мәжілісте азаматтық қоғам институттарымен байланысты нығайту, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді мазмұнды ұйымдастыру, этносаралық келісімді дамыту және ішкі саясат саласындағы жұмысты жетілдіру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар Түркістан облысының ішкі саясаты мен қоғамдық құндылықтарын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы таныстырылды. «Тұран төріндегі текті өлке» идеясын негізге алған құжат өңірдің тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, адал еңбек пен тазалық құндылықтарын орнықтыруға бағытталған.
Жиында ішкі саясат саласындағы кадрлық мәселелер мен басқарманың құрылымын жетілдіру қажеттігі де көтерілді.
Облыс әкімі жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдіктеріне ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеуді, азаматтық қоғам өкілдерімен байланысты күшейтуді және ақпараттық-түсіндіру шараларының сапасын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ өңірдің қоғамдық құндылықтарын дәріптеп, тұжырымдамада көзделген міндеттердің нақты іске асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті — деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жақсы іске жанашыр жандар мен қолдаушы қоғамдық ұйымдар Түркістанды бірге түлетуге әркез табылады деп сенемін!
Ерсұлтан Әмірбек



